Tonsilgon logo

Тамақтың қабынуы көбіне вирустық инфекциядан болады және 5–10 күн ішінде басылады, бірақ егер жайсыздық бірнеше апта бойы сақталса, мүмкіндігінше тез себебін анықтау қажет. Себептері сіз ойлағаннан да көп болуы мүмкін.

Көп адамдар бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп, тамақ ауруына қарсы түрлі дәрілерді өздігінен қабылдай бастайды. Кейде бұл жеткілікті болуы мүмкін, бірақ мұндай тәсіл әрқашан дұрыс емес. Себептері әртүрлі болғандықтан, ем де жеке таңдалады.

Инфекциялық себептер

Ең жиі таралған себеп — жоғарғы тыныс жолдарының вирустық инфекциялары. Оларға тән белгілер: жалпы әлсіздік, мұрыннан су ағу, жөтел, дене қызуының сәл көтерілуі. Әдетте жағдай біртіндеп жақсарады.

Бактериялық инфекциялар, әсіресе стрептококкпен шақырылатын, айқын белгілермен өтеді: қатты тамақ ауыруы, жоғары температура, лимфа түйіндерінің ұлғаюы. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралу керек — ол тексеріп, антибиотик тағайындайды.

Себептер қатарына:

  • инфекциялық мононуклеоз;
  • созылмалы тонзиллит;
  • иммунитет төмендегенде пайда болатын саңырауқұлақ инфекциялары да кіреді.

Егер тамақ ауырғанда ем бірнеше күн ішінде әсер етпесе немесе жағдай нашарласа, міндетті түрде қайтадан дәрігерге қаралу қажет.

Тонзиллит — ең жиі таралған себеп

Тонзиллит — бадамша бездердің қабынуы. Олар иммундық қорғаныста маңызды рөл атқарады, бірақ кей жағдайда өздері инфекция ошағына айналады. ДДСҰ мәліметі бойынша, созылмалы тонзиллит ересектердің шамамен 15%-ында, ал балалардың 25%-ында кездеседі.

Тонзиллиттің жедел түрі ангина ретінде белгілі. Оған тән белгілер: жұтынғанда қатты ауырсыну, жоғары температура. Дұрыс емделсе, 7–10 күнде жазылады. Бірақ ем толық болмаса немесе жиі қайталанса, созылмалы түрге ауысуы мүмкін.

Инфекциялық емес себептер

Кейде тамақтың ұзақ қабынуы инфекциямен байланысты болмайды. Танымал себептері:

  • гастроэзофагеальды рефлюкс, бұл кезде асқазан қышқылы өңешке кері өтеді;
  • аллергиялық реакция;
  • құрғақ немесе ластанған ауа;
  • ұзақ уақыт дауысқа күш түсу;
  • шылым шегу.

Бұл жағдайда инфекцияға қарсы ем көмектеспейді, мәселені шешпейді. Негізгі себепті жою керек — тамақтануды түзету, рефлюксті емдеу, бөлмедегі ауаны қалыпқа келтіру, зиянды әдеттерден бас тарту.

Басқа себептер

Ауыз қуысындағы инфекция ошақтары да әсер етеді — тіс жегісі, стоматит, қызыл иек аурулары. Бактериялар тамақтың шырышты қабатына оңай таралады. Тағы бір себеп — қалқанша безінің аурулары, бұл кезде тамақта бөгде зат тұрғандай сезім болады. Сондай-ақ ісіктерді және шырышты қабықтың жарақаттарын — мысалы, ыстық тамақтан күйіп қалуды жоққа шығару қажет.

Созылмалы қабыну процестері

Егер белгілер жиі қайталанса немесе айлар бойы сақталса, созылмалы фарингит болуы мүмкін. Ол құрғақтық, жыбырлау және мезгіл-мезгіл жайсыздықпен көрініс береді. Жұтынғанда ауырсыну әдетте әлсіз, бірақ асқынғанда күшеюі мүмкін.

Тағы бір түрі — созылмалы тонзиллит. Бұл бадамшалардың ұзақ уақыт бойы қабынуы. Бұл кезде белігелер тек асқыну кезінде пайда болады, басқа уақытта шағым болмайды. Нақты диагнозды тек толық тексеру мен анамнез жинаудан кейін ғана дәрігер қоя алады.

Жиі қоздырғыштары: стрептококктар, стафилококктар, сирек — тұмау вирусы, аденовирус, Эпштейн–Барр вирусы және басқалары. Созылмалы түрге өтуіне әсер ететін факторлар:

  • иммундық қорғаныстың әлсіреуі;
  • мұрын және мұрын қосалқы қуыстарының жиі инфекциялары;
  • мұрынмен тыныс алудың бұзылуы;
  • толық емделмеген ангина;
  • антибиотиктерді бақылаусыз қолдану нәтижесінде түзілетін бактериялардың төзімділігі;
  • шаң немесе химиялық заттармен жұмыс

Егер созылмалы ауруға күмән болса, оториноларингологқа қаралу керек.

Тамақтың ұзақ уақыт бойы басылмайтын қабынуы 2

Қашан шұғыл медициналық көмек қажет

Төмендегі белгілер болса, дәрігерге баруды кешіктірмеңіз:

  • тамақтағы өте қатты ауырсыну;
  • жұтыну немесе тыныс алу қиындығы;
  • 3 күннен артық жоғары температура;
  • бөртпе, мойынның ісінуі;
  • бір жақты қатты ауырсыну;
  • сусыздану белгілері.

Мұндай белгілер асқынуларды немесе ауыр бактериялық инфекцияны көрсетуі мүмкін.

Емдеу тәсілі

Емдеу тактикасы себепке байланысты. Вирустық инфекциялар кезінде жеңіл режим, жеткілікті сұйықтық ішу, симптоматикалық ем, қажет болса қызу түсіретін дәрілер ұсынылады. Егер рефлюкс немесе аллергия анықталса ем негізгі ауруға бағытталады. Бактериялық инфекция кезінде — антибиотиктер тағайындалады, бірақ оларды өз бетіңізше қабылдамаңыз.

Маңыздысы — тамақтың ұзақ ауырсынуы жеке диагноз емес, тек белгі. Себебін анықтамай тек белгіні емдеу ауруды созып, жағдайды нашарлатуы мүмкін.

Қолданылған әдебиет тізімі:

  1. Centers for Disease Control and Prevention (CDC) — Sore Throat Basics. https://www.cdc.gov/sore-throat/
  2. National Institute for Health and Care Excellence (NICE) — Sore throat (acute): antimicrobial prescribing. https://www.nice.org.uk/guidance/ng84
  3. Cleveland Clinic — Chronic Pharyngitis. https://www.my.clevelandclinic.org/health/diseases/22280-chronic-pharyngitis

Көбірек мақалалар

Loading...
Loading...
Loading...