Сәбилер мен жүкті әйелдердегі суық тию — қалай күресуге болады?

Күз жақындап келеді, бұл кезде суық тию қаупі айтарлықтай артады. Бұл әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге қатысты. Сырттағы температураның төмендеуі, ауа райының құбылуы және адамдар көп жиналатын жабық ғимараттарда көбірек уақыт өткізу — вирустардың таралуына қолайлы жағдай жасайды. Болашақ аналар мен кішкентай балалар үшін тыныс алу жолдарының инфекциялары ерекше қиындық тудыруы мүмкін.
Суық тию дегеніміз не?
Суық тию — бұл жоғарғы тыныс алу жолдарының ең жиі кездесетін инфекциясы. Оны вирустар тудырады (жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясының белгілерін тудыра алатын 200-ден астам вирус түрі анықталған). Бұл қоздырғыштар ауру адаммен тікелей байланыс кезінде оңай таралады.
Суық тиюдің негізгі белгілері - мұрынның ағуы, түшкіру, тамақтың ауыруы, жөтел, шаршағыштық сезімі. Кейде аздап дене қызуы көтерілуі мүмкін. Тұмаудан айырмашылығы, суық тиюдің белгілері баяу және біртіндеп дамиды, әрі сирек асқынуға әкеледі. Белгілері жағымсыз болғанымен, суық тию әдетте жеңіл түрде өтеді және бірнеше күннен бір аптаға дейін өздігінен жазылады.
Суық тию жиі күз мезгілінде кездеседі. Бұл бірнеше себептермен түсіндіріледі. Суық мезгілде адамдар көбіне жабық ғимараттарда болады, мұнда басқа адамдармен тікелей байланыс орнату оңай, Бұл инфекцияның тез таралуына жағдай жасайды, Күзде ауа температурасының жиі және күрт өзгеруі иммундық жүйені әлсіретеді, Күн сәулесінің азаюы D дәруменінің төмендеуіне әкеледі, бұл да иммунитетке әсер етеді.
Балалар мен жүкті әйелдердегі суық тию
Балалар да, жүкті әйелдер де осы маусымда жоғарғы тыныс алу жолдарының вирустық инфекцияларына көбірек бейім топқа жатады. Балалардың иммундық жүйесі әлі жетілмеген, себебі ағза түрлі патогендермен жиі кездесіп, олармен күресуді «үйреніп» үлгермеген. Сонымен қатар, балалардың балабақшада, мектепте немесе яслиде көп уақыт өткізуі аурулардың оңай таралуына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды жайт — кішкентай балалар жеке гигиена ережелерін жиі сақтамайды, мысалы, қолдарын жиі жумайды, ауырып жүрген адамдардан алшақ жүрмейді, бұл да жұқтыру қаупін арттырады.
Жүкті әйелдердегі инфекцияларға жоғары бейімділік көбіне жүктілік кезінде ағзада болатын гормондық және физиологиялық өзгерістермен байланысты. Сонымен қатар, жүкті әйелдер көбіне кішкентай балалармен байланыста болады, ал балалар вирустардың негізгі көзі болып табылады.
Бейімділіктің жоғары болуына байланысты мәселелер — бір бөлек, бірақ одан да маңыздысы — бұл екі топта ауруды емдеу мүмкіндігінің шектеулі болуы. Көптеген дәрілер балалар мен жүкті әйелдерге жарамайды немесе олар үшін арнайы дозаны түзетуді қажет етеді, сондықтан емдеу тәсілдері айтарлықтай шектелген.

Жүкті әйелдер мен сәбилердегі суық тиюді қалай емдеу керек?
Бұл екі топтағы науқастарға көптеген дәрілік препараттарды қолдануға қатаң шектеу қойылғандықтан, ең басты назар дұрыс өмір салты мен үй жағдайында қолдануға болатын табиғи әдістерге аударылуы тиіс. Пайдалы әрі теңгерімді тамақтану, жеткілікті ұйқы мен демалыс, күйзелістен аулақ болу, бөлмедегі ауаны дұрыс ылғалдандыру және тұрақты ден белсенділігі иммундық жүйені нығайтуда, инфекция қаупінің азаюында, тез сауығуда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар уақытылы екпелерді алып, жеке гигиена ережелерін сақтаған жөн.
Бұл науқастарға бумен ингаляция жасау, бал мен лимон қосылған жылы шій секілді қауіпсіз үй жағдайындағы табиғи әдістерді қолдануға болады. Кейбір иммундық жүйені қолдап, аурудың алғашқы күндерінен бастап ағзаның инфекциямен күресу қабілетін күшейтетін, жүкті әйелдер мен балаларға қолдануға рұқсат етілген табиғи немесе өсімдік негізіндегі дәрілерді қолданса болады.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- Жедел респираторлық вирустық инфекциялар: оқу құралы / М.А.Андрейчин, В.П. Малый, Л.Я. Ковальчук [және т.б.]; М.А.Андрейчин, В.П.Малый редакциясы - Тернополь: ТҰМУ, 2011. – 304 б.
