Бәріміз өмірімізде осындай сөздерді естігенбіз: «Мен тоңып қалдым, сондықтан суық тиіп қалды», «Тоңсаң — ауырасың», «Жылы киін, әйтпесе суық тиеді», «Қатты тоңсаң — тұмау жұқтырасың». Бұл сөздердің расында қаншалықты жаны бар? Шынымен де тоңып қалғанда ғана ауырып қалуға бола ма?


Вирустық немесе бактериялық инфекция ағзада қалай дамиды?

Күзгі-қысқы маусымда кездесетін инфекциялардың басым бөлігі — вирустық инфекциялар, әсіресе жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары, яғни біз «суық тию» деп атайтын аурулар.
Бактериялық инфекциялар бұларға қарағанда әлдеқайда сирек кездеседі.
Екі жағдайда да патоген иммундық жүйенің қорғаныс тосқауылдарын бұзып, ағзаға енуі керек.

Патоген ағзаға келесі жолдармен түсуі мүмкін:

  • Тыныс жолдары мен көздің шырышты қабықтары арқылы: көбінесе ауа-тамшылы жолмен, яғни жөтел, түшкіру немесе сөйлесу кезінде микроскопиялық тамшылар ауа арқылы тарайды;
  • Ауыз арқылы: лас қолмен, ластанған тағам немесе су арқылы жұғады;
  • Тікелей байланыс арқылы: зақымдалған тері, шырышты қабық немесе жара арқылы жұғады.

Осы жағдайлардың әрқайсысында иммундық жүйе вирустар мен бактерияларды бейтараптандыруға және олардың көбеюіне жол бермеуге тырысады. Егер бұл жүзеге асса, ауру дамымайды. Ал егер қандай да бір себеппен иммундық жүйе дұрыс жұмыс жасамаса, патоген көбейіп, жасушалар мен тіндердің қалыпты қызметін бұза бастайды. Бұл аурудың басталғанын білдіреді, иммунитет күресіп жатыр, бірақ белгілер көрініс беруде.


Суықтан ауырып қалуға бола ма?

Біз анықтағандай, инфекцияның дамуы үшін вирус немесе бактерия ағзаға еніп, көбейе алуы қажет. Сондықтан суықтың өзі аурудың тікелей себебі емес және ол ауруды тудыра алмайды.

Алайда зерттеулер көрсеткендей, тоңу сияқты физикалық стресс иммундық жүйені уақытша әлсіретеді. Мұндай кезде ағзаға айналадағы бізді үнемі қоршап жүретін вирустар және бактериялармен күресу қиындай түседі.

Сонымен қатар, төмен температураның әсерінен тыныс жолдарындағы қан тамырлары тарылады, нәтижесінде мұрын мен тамақтың шырышты қабығына қан айналымы азаяды (яғни, иммундық жасушаларға да).

Яғни:

  • Суықтың өзі немесе тоңып қалу суық тиюді тудырмайды;
  • Бірақ суық ағзаның қорғаныс күшін әлсіретіп, вирустар мен бактериялардың енуіне қолайлы жағдай туғызады;

Суық тиюдің ең жиі кездесетін себебі ауру адаммен байланыс, әсіресе иммунитет төмендеген кезде.


Иммунитетті күшейту

Суық иммунитетті күшейтуі мүмкін бе?

Суықтың өзі инфекцияның тікелей себебі емес, бірақ дұрыс және бақыланған жағдайда ол ағзаның иммунитетті нығайтатын факторға айнала алады.

Тұрақты, қысқа және бақыланатын суықтың әсері— мысалы, мұзойыққа түсу:

  1. Лейкоциттердің түзілуін арттырады, олар инфекциямен күресуде негізгі рөл атқарады.
  2. Антиоксиданттық қорғанысты белсендіреді, бұл ағзаның тотығу стрессімен күресу қабілетін күшейтеді.
  3. Цитокиндердің белгілі бір түрлерінің деңгейін жоғарылатады, олар қабыну мен иммундық жауапқа қатысады.

Яғни суық ағзаны физикалық стресс жағдайына бейімдеп, оған төзімділікті арттыратын түрткі бола алады. Ал бұл өз кезегінде иммунитетті күшейтеді.

Одан бөлек, тұрақты суықтың әсері:

  • Көңіл-күйді жақсартады,
  • Энергия деңгейін көтереді,
  • Жалпы физикалық және психикалық денсаулыққа оң әсер етеді.

Қорытынды

Суық ауа райы аурудың себебі емес, бірақ вирустар мен бактерияларға қолайлы жағдай тудыра отырып иммундық жүйені уақытша әлсіретуі мүмкін. Алайда, суық жүйелі және ақылмен қолданылса, ол иммунитетті нығайтады, ағзаның стресске төзімділігін арттырады, жалпы денсаулықты жақсартады.

Қолданылған әдебиет тізімі:

  • Ходжаева, А.Г.Воробьева. ПРАКТИКАЛЫҚ ОТОЛАРИНГОЛОГИЯ. ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕРДІ ДАЙЫНДАУ БОЙЫНША ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК
  • Жедел респираторлық вирустық инфекциялар: оқу құралы / М.А.Андрейчин, В.П. Малый, Л.Я. Ковальчук [және т.б.]; М.А.Андрейчин, В.П.Малый редакциясы - Тернополь: ТҰМУ, 2011. – 304 б.