
Көктемде денсаулықты қалай сақтауға болады?
Көктем – жұқпалы аурулардың кезеңі аяқталады деп үміттенетін уақыт, алайда қыс мезгілінен кейін жиі ағзамыз әлсіреп, біз ауруларға бейім болатын уақыт. Сондықтан бүгін, жыл сайын 29 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік иммунология күніне орай, біз көктемде денсаулығымызды қалай сақтауға болатыны туралы сөйлескіміз келеді.
Көктемде иммунитетіміз неліктен әлсіреп, инфекцияларға көбірек бейім боламыз?
Көптеген адамдар қыстан кейін ағзамыздың әлсіреп, инфекциялық ауруларға бейім болатынымызды байқайды. Бұл бірнеше факторларға байланысты. Көктем келгенде температура мен ылғалдылық күрт өзгеруі мүмкін, бұл ағзаны аурулар алдында осал етеді, әсіресе суық тиген жағдайда. Суық тию қорғаныс тосқауылдарын бұзып, вирустардың ағзаға енуін жеңілдетеді.
Көктемде ауада тозаң мөлшері де жоғары болады, бұл кейбір адамдарда аллергия тудыруы мүмкін. Аллергияның мұрынның бітелуі, жөтел және көздің жасаурауы сияқты белгілері иммундық жүйені әлсіретіп, ағзаны инфекцияларға бейім етеді.
Бұдан бөлек, қыс мезгілінде бізде D дәруменінің деңгейі айтарлықтай төмендейді, өйткені біз бұл жыл мезгілінде таза ауада аз уақыт өткіземіз, тіпті сыртқа шыққан күннің өзінде, қысқы күннің сәулесі теріде бұл дәруменнің тиімді түзілуіне ықпал етпейді.

Қыстан кейін ағзаны қалай нығайтуға болады?
Қыстан кейін ағзаны нығайтып, көктемде жоғарғы тыныс жолдарының инфекцияларына бейімділікті азайту үшін бірнеше қадам жасауға болады:
- Теңгерімді тамақтану: Жаңа піскен жемістер мен көкөністерге, тұтас дәнді өнімдерге, ақуыздарға, пайдалы майларға және пробиотиктерге бай салауатты, теңдестірілген тағамдармен тамақтаныңыз. Бұл иммундық жүйені қолдап, оның қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
- Тұрақты дене белсенділігі: Физикалық белсенділік иммундық жүйені нығайтып, қан айналымын жақсартады, стрессті азайтады және жалпы денсаулықты сақтауға көмектеседі. Жаяу жүру, жүгіру, йога немесе жүзу сияқты түрлі жаттығуларды таңдауға болады.
- Стресті басқару: Шамадан тыс стресс ағзаны әлсірететіні белгілі. Сондықтан сау болу үшін медитация, терең тыныс алу немесе сүйікті ісіңізбен айналысу сияқты релаксация әдістерін қолдану маңызды.
- Ұйқы режимін сақтау: Тұрақты ұйқы кестесін ұстануға тырысыңыз және әр күн сайын жеткілікті ұйықтайтыныңызға көз жеткізіңіз.
- Зиянды әдеттерден бас тарту: Темекі шегу мен алкогольді тұтыну иммунитетке кері әсер ететіндіктен, олардан бас тарту немесе шектеу ұсынылады.
- Жеке гигиена: Қолды сабынмен жиі жуу, лас қолмен бетіңізді ұстамау және науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болу инфекциялардың алдын алуға көмектеседі.
- Су теңгерімін сақтау және маусымдық екпелер: Күніне жеткілікті мөлшерде су ішу және маусымдық екпелер жасау мүмкіндігін қарастыру өзіңізді инфекциялардан қорғауға көмектеседі.
Осы кеңестерді ұстана отырып, сіз ағзаңызды нығайтып, көктемде ауруларды жұқтыру қаупін азайта аласыз.
Иммундық жүйені нығайтуға арналған табиғи құралдар
Иммундық жүйені нығайтып, жоғарғы тыныс жолдары инфекцияларының қаупін азайтуға көмектесетін көптеген табиғи құралдар бар. Бұл ингредиенттердің тамақтану рационыңызда болуы маңызды. Ең танымалдарының қатарына мыналар жатады:
- D дәрумені,
- Мырыш,
- Селен,
- Пробиотиктер,
- Омега-3 май қышқылдары.
Өсімдік негізіндегі иммуностимуляторлар
Кейбір өсімдіктердің құрамында иммундық жүйемізді қолдайтын қоректік заттар мен биоактивті қоспалар бар. Иммунитеттің төмендеуі мен жоғарғы тыныс жолдарының жиі қайталанатын инфекция кезінде иммундық жүйені нығайту үшін өсімдік негізіндегі құралдарды қолдануды қарастыруға болады. Иммуностимуляциялық қасиеттері бар және фармацевтикалық препараттарда жиі қолданылатын ең танымал өсімдіктер:
- Қызылкүрең,
- Адамтамыр,
- Зімбір,
- Сарымсақ,
- Аюбадам,
- Итмұрын,
- Түймедақ,
- Емен қабығы,
- Мыңжапырақ,
- Қырықбуын.
Ағзаны нығайтатын өсімдіктер жылдың кез келген мезгілінде денсаулығымызды сақтауға және күш-қуатымызды арттыруға көмектеседі. Бактерияға, қабынуға, зеңге және вирусқа қарсы қасиеттеріне, сондай-ақ дәрумендер мен басқа да құнды микроэлементтерге бай құрамына байланысты олар біздің табиғи қорғанысымыз бола алады.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- Балалар мен жасөспірімдердегі жіті респираторлық вирустық аурулар (диагностика, емдеу, алдын алу): Студенттерге арналған оқу құралы…/В.В. Бережной, И.Б. Ершова, Е.Н. Кунетина. Киев-Луганск, 2003 ж


