Созылмалы тонзиллит — таңдай бадамшаларының ұңғылында инфекция ошағы сақталып тұратын тұрақты қабыну. Жедел тонзиллиттен айырмашылығы мұнда қабыну қысқа уақыт емес, айлар бойы сақталып, жиі қайталанатын асқынуларға алып келеді.

Клиникасы тамақтағы жайсыздық немесе ауырсыну сезімі, бөгде зат тұрғандай сезім, ауыздан жағымсыз иіс шығуы, бадамшаларда іріңді тығындардың (казеозды массалардың) пайда болуы, мойын лимфа түйіндерінің үлкеюі және ауырсынуы, субфебрилді температура, тез шаршағыштықпен көрініс береді. Кейбір науқастарда бадамшалар жиі ЖРВИ фонында қабынады, бұл бадамшалардың қорғаныс қызметінің төмендегенін көрсетеді.

Бұл ауру тек жергілікті белгілермен ғана қауіпті емес. Ұзақ уақыт бойы сақталған инфекция ошағы жүрек, буындар және бүйрек тарапынан асқынулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Созылмалы тонзилитті емдеуге арналған дәрілерді тек дәрігер тағайындауы керек, өйткені дұрыс таңдалған терапия ауруға барынша тиімді әсер етеді.

Созылмалы тонзиллиттің себептері

Ауру ошағының қалыптасуы бадамшалардың өз қорғаныс қызметін атқаруын тоқтатып, керісінше инфекцияның тұрақты көзіне айналуымен байланысты. Бұл көбінесе баспамен бірнеше рет ауырғаннан соң немесе толық емделмеген жедел қабынулардан кейін дамиды.

Ең жиі кездесетін қоздырғыш — А тобының β-гемолитикалық стрептококкы. Дәл осы бактериялар классикалық стрептококкты тонзиллитті туындатып, кейін созылмалы инфекциялық ошақтың пайда болуына әкеледі. Сирек жағдайларда ауруды стафилококктар немесе аралас флора қолдайды.
Егер науқаста тонзиллит дамыса, оның себептері келесідей болуы мүмкін.

  1. Баспаны дұрыс немесе толық емдемеу. Өзін-өзі емдеу немесе тек жергілікті дәрілерді қолдану аурудың созылмалы түрге өту қаупін арттырады.
  2. Иммунитеттің әлсіреуі. Жиі болатын ЖРВИ, ұзаққа созылған аурулар мен суықтап қалу бадамшаларды инфекцияға әлдеқайда осал етеді.
  3. Анатомиялық ерекшеліктер. Бадамшалардағы ұңғылында іріңді тығындар мен микробтар жиналып, қабынудың сақталуына жағдай жасайды.
  4. Мұрынмен тыныс алудың бұзылуы. Созылмалы ринит, полиптері немесе мұрын қалқасының қисаюы барлығы да аурудың дамуына ықпал етеді.
  5. Зиянды әдеттер мен қоршаған орта факторлары. Ең алдымен шылым шегушілерде тонзиллит жиі кездеседі. Сондай-ақ ластанған ауа, құрғақ климат сияқты факторлар шырышты қабықты тітіркендіріп, қабынудың дамуына жол ашады.

Көптеген науқастарды қызықтыратын сұрақ — тонзиллит жұқпалы ма? Жедел баспа мен бактериялық тонзиллит әдетте ауа-тамшы жолымен жұғады. Ал созылмалы түрінде жұқтыру қаупі төмен, бірақ аурудың өршу кезінде бұл қауіп сақталады.

Аурудың түрлері

Оториноларингологияда бұл аурудың науқасты бақылау мен емдеу тактикасын анықтайтын бірнеше түрі ажыратылады.

  1. Созылмалы тонзилиттің компенсацияланған түрі
    Бадамшалар үлкейген, кейде іріңді тығындар болуы мүмкін, бірақ айқын асқынулар мен жалпы жағдайдың бұзылуы байқалмайды. Науқас көбінесе жайсыздыққа, бөгде зат тұрғандай сезімге, жағымсыз иіске шағымданады.

  2. Созылмалы тонзилиттің декомпенсацияланған түрі
    Бұл түрінде ауру жиі өршіп тұрады, іріңді тығындар көп, айқын улану белгілері мен мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалады. Мұндай жағдайда қабыну процесі бадамшалардың шегінен асып кетеді, асқыну қаупі артады.

Қоздырғыштың түріне қарай тонзиллит бактериялық (көбінесе стрептококкты) және сирек жағдайда вирустық болуы мүмкін, қай түрі екенін дәрігер арнайы талдаулар арқылы анықтайды.

Созылмалы тонзиллит 2

Клиникалық көрінісі

Тонзиллиттің белгілері әртүрлі байқалуы мүмкін: кейбір науқастарда ауру еш белгілерсіз өтеді, ал басқаларында — тұрақты жайсыздық, жиі өршулер, бадамшалардың қатты қабынуы байқалып, бұл қалыпты сөйлеуге және тамақ ішуге кедергі келтіреді.

  • Тамақтың тұрақты немесе мезгіл-мезгіл ауыруы мен қышу сезімі.
  • Бөгде зат тұрғандай сезім, жұтынудың қиындауы.
  • Ауыздан жағымсыз иіс шығуы.
  • Бадамшаларды қараған кезде байқалатын тығындар. Бұлар құрамында жасуша қалдықтары мен микроорганизмдер бар ақшыл-сарғыш түсті түзілістер.
  • Мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы және ауырсынуы.
  • Субфебрильді температура (37–37,5 °C), көбіне кешке қарай.
  • Жалпы әлсіздік, тез шаршағыштық.

Температура жоқ, бірақ іріңді тығындар бар жағдайға жеке назар аудару қажет. Мұндай жағдай көпшілігіне қауіпсіз болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл — инфекция ошағының сақталып тұрғанын білдіреді және дәрігердің кеңесін қажет етеді.

Тонзиллиттің сыртқы көрінісі қандай екенін көру үшін ауру асқынған кезде ауызға қарау жеткілікті: бадамшалар үлкейген, қызарып, іріңді тығындар бар немесе жабынмен қапталған. Кейде бадамшалар жақын тіндермен жабысып дәнекер түзіп кетеді.

Балалардағы созылмалы тонзиллит белгілері ересектердегімен ұқсас, бірақ бала неғұрлым жас болса, соғұрлым ауру тәбетінің төмендеуімен, қыңырлықпен және тез шаршағыштықпен көрінеді.

Аурудың асқынулары

Созылмалы тонзиллит тек жергілікті белгілерімен ғана емес, сонымен қатар алыс ағзалардағы асқынуларымен де қауіпті. Ұзақ уақыт бойы сақталған инфекциялық ошақ келесі жағдайларды тудыруы мүмкін:

  • паратонзиллярлы абсцесстердің дамуы және қабынудың жақын орналасқан тіндерге таралуы;
  • жүрек пен буындардың ревматикалық зақымдануы;
  • бүйрек аурулары (гломерулонефрит);
  • жиі қайталанатын фарингит және ларингит;
  • иммунитеттің төмендеуі мен инфекцияларға бейімділіктің артуы.

Осындай асқынулардың алдын алу үшін тонзиллитті емдеу уақытылы және кешенді түрде болуы керек.

Созылмалы тонзиллит 3

Диагностика

Ауруды анықтап, ең тиімді емдеу тәсілін тек дәрігер оториноларинголог тағайындай алады. Дәл осы дәрігер тонзиллитті кім емдейді деген сұраққа жауап береді және барлық қажетті тексерулерді жүргізеді.

Негізгі әдістер

  • Ауыз қуысы мен жұтқыншақты қарау (фарингоскопия);
  • Мойын лимфа түйіндеріне пальпация жасау;
  • Жұтқыншақтан алынған жағындыны зерттеу, қоздырғышты анықтау және оның антибиотиктерге сезімталдығын тексеру;
  • Жалпы қан және зәр талдаулары;
  • Қажет болған жағдайда — басқа мамандардың (кардиолог, нефролог, ревматолог) кеңесі.

Егер тонзиллит дер кезінде анықталса, оның асқынуларын көп жағдайда алдын алуға болады.

Қандай ем көмектеседі?

Егер созылмалы тонзиллит анықталса, емдеу тактикасы оның түрі мен қабыну дәрежесіне байланысты таңдалады. Негізгі мақсат — инфекция ошағын жою, қабынуды азайту және аурудың жиі қайталануын болдырмау.

  1. Консервативті терапия
    Бадамшалардың шұңқыршаларын шаю, жергілікті антисептиктер, физиотерапиялық емшаралар.

  2. Дәрілер
    Ауру асқынған жағдайда антибиотиктер тағайындалады(бактериялық ағымда), қабынуға қарсы препараттар, иммуностимуляторлар.

  3. Емге қосымша ретінде
    Өсімдік негізіндегі дәрілер дәлелденген қабынуға қарсы, вирусқа қарсы және иммуномодуляциялық әсер ету арқылы аурудың жиі қайталануын азайтып, ұзақ қолдануға қауіпсіз болып саналады.

  4. Хирургиялық ем
    Тонзиллэктомия тек декомпенсацияланған түрінде немесе ауыр асқынулар дамығанда ғана жасалады.

Егер тонзиллит жүктілік кезінде анықталса, міндетті түрде дәрігердің кеңесі қажет және ем жеке таңдалады.

Алдын алу

Жедел қабынудың созылмалы іріңді тонзиллитке айналуын және жиі өршуін болдырмау үшін келесі қарапайым шаралар көмектеседі:

  • баспаны дер кезінде емдеу және алғашқы белгілерде дәрігерге қаралу;
  • созылмалы инфекция ошақтарын (кариес, мұрын мен мұрын қосалқы қуыстарының ауруларын) емдеу;
  • иммунитетті нығайту: дұрыс тамақтану, денені шынықтыру;
  • темекі шегуден бас тарту және қоршаған ортаның зиянды әсерін азайту;
  • суық тию маусымында иммундық жүйені қолдау үшін қауіпсіз өсімдік тектес препараттарды пайдалану.

Созылмалы тонзиллит — тек тамақтағы жайсыздық емес, ол ауыр асқынулардың әлеуетті көзі. Ауруды іріңді тығындарға, ауыздан шығатын жағымсыз иіске, жиі баспа белгілеріне сүйене отырып анықтауға болады. Емдеу кешенді түрде, ЛОР-дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Сонымен қатар, иммунитетті нығайту мен аурудың алдын алу шаралары қолдаушы рөл атқарады.